Шөмекейлердің Ырғыздан Тауелібайға көшуі. "Дөйіт" ұрады Дәуітбай батыр" кітабынан үзінді ...Дәуітбай бидің алдына барып, өзінің тамаша жер тауып келгенін айтады және «Рұқсат етсеңіз, бүкіл Шөмекейді сонда көшіріп алып кетемін» дейді. – Сен, тып-тыныш бейбіт өмір сүріп отырған екі тайпаның ортасына от жақтың, — дейді Кетебай ашуланып. — Енді соғыс өрті тұтанып, қан төгілгелі тұр. Жеріңнің керегі жоқ. Одан да, қазір дереу кері қайт та, жесірді осында алып кел. Біз жесірін қайтарып, айыбымызды төлеп, тезірек келісімге келуіміз керек. Амалы құрыған Дәуітбай келген ізімен кері қайтады. Бірақ ол Кетебайға Айымжамалды алып бармайды. Арадан біршама уақыт өткенде, Дәуітбайды күте-күте әбден шыдамы таусылған Кетебай би, баласы Өтетілеуді алдына шақырады. --Дәуітбайдың мәселесін саған тапсырғалы отырмын, — дейді Кетебай би Өтетілеуге .— Сен Тау еліне барып, Дәуітбай мен Айымжамалды осында алып келуге тиіссің. Жаныңа ертетіндерді өзің таңдап ал да, осы бүгіннен қалмай сонда аттан. Әйтпесе, бұл дау ушығатын түрі бар. Сөйтіп, Өтетілеу би қасына жиырма шақты адам ертіп, жолға шығады. Жолда бірталай күндер жүріп, Тау еліне да жеткен. Аң-құсы жыртылып айрылған, жыңғыл мен сексеуілден құралған ну тоғайлы, суы мол, жері от Тау елін көргенде, бұлар таң қалады... * * * ...Өтетілеулер Дәуітбайдың үйіне келгенде, ол аң аулап кеткен екен. Келген жиырма шақты қонақтарға Айымжамал ас-су бергелі жатқанда, Дәуітбай да аң аулаудан қайтыпты. Оның ерте оралуына, арқадан өткен көп аттылыны көруі себеп болған. --Бізді өңшең Бозғұл іздеп келді, — дейді ерінің алдынан шыққан Айымжамал. — Көңіл-күйлері жаман емес. Шамасы елге қосылуымыздың сәті түсіп тұрған сықылды. Үйге енген Дәуітбай, орындарынан тұрып, сәлемдесу үшін қолын созғандарға назар да аудармастан, оң қолын төсіне қойған күйі басын иіп, бидің алдына жүресінен отыра кетеді. --Уа, Бекет атамның аруағы қолдаған Кетебай атамның киелі баласы Өтетілеу аға! Содыр ініңіздің басы міне, алдыңызға иіліп тұр. Мен екі елді жауластырып қойғанымды толық мойындаймын. Алайда, Сіздер мені Әлімнің ішіне тірілей алып бара алмайсыздар. Шартым сол – менің басымды өзіңіз кесіп алып, найза ұшына іліп, апарып беріңіз. Оған қоса жесірлерін де көшіріп алып барып, екі елді татуластыруға қарсы емеспін. Егер, билер осылай шешкен болса, менің тілеуім де елдің тыныштығы, —дейді Дәуітбай. Дәл осы кезде, тысқарыдан үйге имене кірген Айымжамал: «Отағасы... Би қайнаға, ас дайын болды, шешіміңізді тамақтан кейін айтарсыз...» деп, қолға су құйдырып, дастарқан жайғызып, табақтарды тартыпты... --Дәуітбай, мен сені құр жуан жұдырық, ойламсыз тентек деп жүрсем, сен нағыз батыр екенсің, — депті тамақтан соң Өтетілеу би. — Өз басыңа азаттық, бірақ келінді алып қайтамын, жолымды кеспе, қолымды қақпа. Менің шешімім осы. Ертеңіне үй жығылып, түйелерге артылып болғанда, Айымжамал Дәуітбайдың жанына келіпті де, төмен қарап тұрып, екі бүйірін сипапты. --Дәуітбай, мыналарыңды Алла алдында менен және Би қайнағадан сұрарсың, — депті ол. — Ең болмаса, жарық дүниеге шыққанын көріп: «Ұрпағым» деп қолыңа да ала алмадың-ау. Тағдыр солай жазылған шығар, қайтейін. Қош... Осылай деген Айымжамал түйе үстіндегі қоршауға барып отырыпты. Көп ұзамай көш те қозғалып, солтүстік-шығысты бетке алып, кете барған. Қалың сексеуілдердің арасымен кетіп бара жатқан көш басындағы Өтетілеу би, бірер шақырым жүрген соң тоқтап, артына қараса, «Қорғантау» атанған ескі қамалдың төбесінде бұлардың соңдарынан қасқайып қарап тұрған ат үстіндегі Дәуітбайды көріпті. Дәуітбайға біраз қарап тұрып, қайтадан көшке ілесіп жүре берген Өтетілеу би: «Осындай нағыз мәрт батыр, шынымен-ақ жалғыз өзі айдалада қала бермек пе? Дәуітбайды елге қосудың, неге енді бір амалы табылмасқа? Ең болмаса, өзі тапқан осы жерде келін екеуінің өсіп-өнуіне мүмкіндік берілсе болмас па?» деген сияқты ойларымен болып, Тау елінен Ырғызға жеткенше ешкіммен тіс жарып сөйлеспей қойған деседі. *** – Келінді алып келдім, — дейді Өтетілеу, Кетебай бидің алдына кіріп. — Ендігі билік өзіңізде. – Дәуітбайды неге алып келмедіңдер? – Ол басын иіп отыр. «Иілген басты қылыш кеспес» деген. Ал келіннің Сіз бен бізге артар аманаты ауыр... – «Келін, келін...» деп тақылдай бермеңдер, түге!.. Ол маған әлі келін емес, — деп зекіген Кетебай есік жанындағы жігіттерге қарайды. — Жесірді әкеліңдер, көрейін. Келіншек табалдырықтан аттап кірген соң, Кетебай оған көз жүгіртіп өтеді де, ұзақ ойланып, үнсіз қалады. – Ай, Өтетілеу, — депті сәлден соң басын көтерген Кетебай би. — Келінді ал да, сол келген ізіңмен кері қайтып, Дәуітбайға алып барып тапсыр. Оған айт, қайсы ауылды қайда жайғастыратын қамын жасай берсін. Көп кешікпей, көш Тау еліне қарай қозғалады де. Екі жасқа оң батаңды беруді де ұмытпа! Өтетілеу қуанғанынан орнынан ұшып тұрып, Кетебай биге басын иген күйде қолын төсіне қойып: «Құп!» дейді де, Айымжамалды ертіп, үйден жылдам шығып кетеді. Ол сыртқа шыққан бойдан жанына ертетін жігіттерін тез жинап алып, ешқайда бұрылмастан дереу Тамдыға тіке аттаныпты. Өтетілеулер шығып кеткеннен кейін Кетебай бидің жанында отырған ақсақалдар: «Ау, биеке, мұныңыз қалай? Алдымен Дәуітбайды «Келіншегіңді алып кел, бітісеміз» деп қайтарып жібердіңіз. Ал, жесір келген соң оны да кері қайтарып отырсыз. Мұның мәнісін түсінбедік» депті. --Е, Сіздер ешнәрсені байқамаған екенсіздер ғой, — депті сонда Кетебай би. — Өтетілеудің: «Дәуітбай басын иіп отыр, ал келіннің аманаты ауыр...» деген сөзіне ешқандай мән бермегенсіздер ме? Текті жерден шыққан жас келіннің қайын аталары мен қайындарының алдында қайта-қайта қос бүйірін сипай беруі де тегін емес. Мен білсем, келіннің құрсағында қос арыстан бар. Сонда, мен Кетебай би атанып жүріп, Шектінің бір жасығы үшін өзімнің төрт бірдей асылымды қимақпын ба? Жо-жоқ, мен олай ете алмаймын. Мен шешімімді өзгерттім. Шектімен бітім жолын басқаша атқарамын, Дәуітбайдың қайын жұртымен де табысуға міндеттіміз. Ал, Тау еліне қоныс аударам деушілерге ешқандай кедергі жоқ. Өтетілеудің айтуынша, ол жерді Дәуітбай бекер таңдамаған, нағыз ел қорғаны болатын жер екен... Сонымен, Өтетілеу Айымжамалды Тамдыға қайтадан алып келіп, үй қайтадан баяғы орнына тігіледі. Қайтадан мал сойылып, Өтетілеу би Дәуітбай мен Айымжамалға ақ батасын береді. Өтетілеу би аттанар алдында Дәуітбайға: «Бұл батаны менің ғана емес, менің әкем Кетебай би мен бүкіл Шөмекейлердің батасы деп білгейсің. Өйткені, менің әкемнің де, елдің тілегі де — сендердің амандықтарың, бақыттарың, ұрпақтарыңның көп болуы. Ал, сенің келін екеумізге артқан аманатың өзіңе қайтып келді. Біз өз қарызымыздан құтылдық. Келін босанған соң қос арыстанға Бегім, Серке деп ат қойыңдар. Оларға тетелес тағы бір ұл болады. Оның есімін Құмақ деп қоясыңдар. Жалпы, келін бұдан басқа да ұл балалар табады. Олардың есімдерін өздерің келісіп, қоя берерсіңдер» депті. Шынында да, көп ұзамай Дәуітбайдың келіншегі егіз ұл тауып, оларға Бегім және Серке деген есімдер берілген екен. Айымжамал анамыз одан кейін де Құмақ, Дос, Қос, Шора атты ұлдарды дүниеге әкелген. Міне, сол кездерден бері қарай Шөмекейлер Ырғыз жақтан Тауелібайға көш басын бұра бастаған. Дәуітбай Шобдар руын қазіргі Тамды мен Ыстықсу аралығындағы Ажырықты, Амантай (қазіргі Зарафшан қаласының аумағы), Сүгірәлі, Қыңыр, Шарықты, Мұрынтау, Дәуқызтау, Бесапан деген жерлерге жайғастырды. Балқы руының ауылдары Әйтім (қазіргі Ұшқұдық қаласы), Жүзқұдық, Көнтай, Ақтақыр, Қақпатастың маңдарына, Аспандар Құлқұдық пен Мыңбұлақ аймақтарына, Қаратамырлар Сөкіттінің айналасына т.с.с. қоныстандырылған. Мұнда, «Кетебай шешімін өзгертіпті» дегенді есіткенде, қатты қуанғандардың бірі атақты Тоқым тыққан Қыстаубай батыр болған деседі. Өйткені, ол о баста-ақ билердің Дәуітбай жөніндегі шешіміне риза болмай, қапа болып жүреді екен. Сондықтан ол, Тау еліне алғашқылардың бірі болып көшіп келген. Оның көшуі Шөмекейдің көп руларының Ырғыздан Тау еліне қарай қозғалуына ықпал еткені анық. Тау елін көргенде Қыстаубай: «Дәуітбай батыр неге елге қайтпай қалды десем, мұнда соғысуға қолайлы жер тапқан екен ғой» деп әзілдеген екен дейді. Сөйтіп, жыл өткен сайын Ырғыз жақтан көшіп келушілердің саны артып, Тау елі Шөмекейлердің іргелі екінші еліне айналады. Кейінірек бұларға Төлеңгіт тайпасының рулары келіп қосылған. Сондай-ақ, Тау еліне өз елдерінде нақақтан жала жабылып, қуғыншылық көріп, әділетсіздікке тап болған Әлім, Байұлы, Үйсін, Қыпшақ, Арғын, Жетіру сияқты т.б. тайпалардың аталықтары, тіпті қарақалпақ руларының тұтас ауылдары да, біратала көшіп келіп, Дәуітбайды паналаған. Дәуітбай батыр мұндай теперіш көрген жеке кісілер мен ауылдардың Тау еліне қоныстауына қарсылық білдірмеуші еді. Керісінше, ондайларға жәрдем беріп, сөздерін сөйлеп, қорғап, қолдап-қуаттап отырған. Сондықтан болар, жоғарыда аталған тайпалардың өкілдері, тіпті қарақалпақтар да өздерін Шөмекейлердің бір руы ретінде сезініп, Тауелібайда еркін жасаған. Мұнда, осы жақсы дәстүр күні бүгінге дейін жалғасын тауып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұған қазіргі кезде, бірнеше ғасырлар бойы осы қасиетті жерде Шөмекейлермен қыз алысып, құда-анда болып, ұрпақ жайған күйде барынша өсіп-өніп, әбден араласып-құраласып кеткен қарақалпақтар өздерін мақтаныш сезіммен әрі сенімді түрде: «Қазақпыз!» деп көкірегін ұратын дәрежеге дейін жеткендері бұлтартпас айғақ бола алады. Тау елінің ерекшелігі сол – кеңес өкіметі тұсында, осында қоныстанған бірді-екілі орыс, украин, неміс, армян, татар секілді т.б. халықтардың өкілдері де қазақшаға судай сайрап, қазақтың салт-дәстүрлерін берік ұстап, қазақ тілін ана тілі санаған қалпы өздерін: «Қазақпыз!» деп есептейді. Бірде мен, Тауелібайдан Қарағанды облысына «оралман» ретінде қоныс аударған қарақалпақ жігіттің құжаттарын «көші-қондағылар»: «Сен қазақ емессің...» деп қабылдамай қойғанда, оның: «Қазақстан көкірегімнен неге итереді? Мен қазақпын ғой...» деп еңіреп тұрып жылағанына куә болғанымда, жүрегім езіліп кете жаздағаны бар. Сондықтан, кейде мені «Осындай келеңсіздіктерді жою үшін Қазақстан Республикасының «Көші-қон туралы Заңына» «Мемлекеттік тілді терең меңгерген және қазақтың салт-дәстүрлерін жетік білетін шетелдік өзге ұлт азаматтары, егер олар Қазақстан Республикасы азаматтығын алғандағы төлқұжатының «ұлты» деген бөліміне «қазақ» деп жазуға өз келісімдерін берсе, оралман мәртебесін алуға толық құқы бар» деген мазмұндағы жаңа бір бап енгізсе болмас па екен?» деген ой жиі-жиі мазалай береді. Мен дәл осы мәселеде, онсыз да қазақтың жалпы саны мәз болмай тұрған мына бір заманда, шетелдердегі Тауелібай секілді ерекше аймақтарда, Дәуітбай сынды бабаларымыз ежелден негізін қалап, берік қалыптастырған осындай ұлтымызға тиімді дәстүрлердің күні бүгінге дейін өзінің сабақтастығын тауып жатқанын жоғарыдағы депутаттарымыз ескерсе екен деген тілек айтар едім... Бұл орайы келіп тұрған соң айтылып жатқан мәселе ғой. Ал, енді, қайтадан негізгі тақырыбымызға бет бұрайық. Дәуітбай заманынан басталатын және бір дәстүр: Ырғыз жақтағы Шөмекейлердің билері Тауелібайдың ішкі істеріне мүлдем араласпауы болып табылады. Тауелінің барлық мәселерін Дәуітбай өзі шешіп отырған және осы дәстүрді оның ұрпақтары да жалғастыра білген. Осының арқасында болса керек, Тауелібай кешегі кеңес өкіметіне дейінгі кезеңдерде ауызбіршілігі жарасқан, берекелі де бай, тәртіпті аймақ болып келгені анық. Бұл елден Дәуітбай батырға еліктеген, одан үлгі-өнеге алған талай ержүрек батырлар мен ел билеген билер шықты... ("Дөйіт" ұранды Дәуітбай батыр. Деректі хикая. Алматы. "Үш қиян" баспасы. 2015 жыл.)

Теги:

Теги других блогов: